Accessibility links

ЕО тағы 10 сириялыққа санкция салды


Алеппоның көтерілісшілер бақылауындағы ауданында нан пісіріп тұрған ер адам. Сирия, 25 қазан 2016 жыл (Көрнекі сурет).
Алеппоның көтерілісшілер бақылауындағы ауданында нан пісіріп тұрған ер адам. Сирия, 25 қазан 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Еуропа Одағы (ЕО) тағы 10 сириялықты қоршаудағы Алеппо қаласына шабуыл жасауға қатысы бар деп айыптап, санкция салды. ЕО мәлімдемесінде санкция салынғандар арасында жоғары шенді әскерилер мен президент Башар Асадтың билігімен байланысты адамдар бары айтылады. Құжатта оларға "Сирияның бейбіт халқын қатаң түрде басып-жаныштауға жауапты болғандықтан" немесе Сирия билігімен байланысынан пайда көріп отырғаны үшін санкция салынды делінген.

Осы кезге дейін санкция салынғандарды қосқанда тізімде барлығы 217 адам, 69 компания мен ассоциация бар. Олардың ЕО-ға кіруіне тыйым салынып, активтері бұғауланған. Өткен аптада ЕО өкілдері БҰҰ-ның Алеппоға шабуылды әскери қылмыспен теңестіруге болады деген мәлімдемесін қолдаған.

Өткен айда Сирияда қақтығысты тоқтату туралы бітім бұзылған соң Ресей мен Сирия әскери-әуе күштері Алеппоны қайтадан бомбалай бастаған. Соңғы тоғыз күнде қаладан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін әуе шабуылдары уақытша тоқтатылған. Бірақ көтерілісшілер қаланы тастап шығатын тұрғындардың қауіпсіздігіне кепілдік жоғын мәлімдегендіктен бұл әрекет сәтті болған жоқ. БҰҰ мәліметіне қарағанда, Алеппода 275 мыңға тарта адам тұрып жатыр.

XS
SM
MD
LG