Accessibility links

Қырғызстанда баптист әйелді жерлеуге кедергі келтіру бойынша іс қозғалды


Жалал-Абад облысының Ала-Бука ауданындағы зират (Көрнекі сурет).
Жалал-Абад облысының Ала-Бука ауданындағы зират (Көрнекі сурет).

Қырғызстанда баптистік діни ағымды ұстанған әйелді жерлеуге кедергі келтіру оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз редакциясы.

Қырғызстан ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ала-Бука ауданының милициясы қылмыстық кодекстің 263-бабы - "Өлген адамның мәйіті мен оны жерлеген орынды қорлау" айыбы бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл бап бойынша ірі көлемде айыппұл салу немесе үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Осы айда Қырғызстанның оңтүстігіндегі Жалал-Абад облысының Ала-Бука ауданында қайтыс болған жергілікті 76 жастағы әйел Қаныгүл Сатыбалдиеваның денесін үш рет жерлеген. Әйел баптистік ағымды ұстанғандықтан жергілікті тұрғындар оның мұсылмандар зиратына да, христиандар зиратына да жерленуіне қарсы болған.

БАҚ-та Сатыбалдиеваның мәйіті үшінші рет жерленгені туралы ақпарат тараған соң Қырғызстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі Кубат Оторбаев бас прокуратураны бұл жайтқа қатысты шара қолдануға шақырған. Омбудсмен Оторбаев прокуратураға үндеуінде қайтыс болған адамның денесін қайта көмуге мәжбүрлеудің қылмыс екенін айтқан.

XS
SM
MD
LG