Accessibility links

Венгрия мигрант қабылдау квотасына қатысты Еурокомиссияны сотқа бермек


Австрия мен Венгрия шекарасындағы мигранттар. (Көрнекі сурет.)
Австрия мен Венгрия шекарасындағы мигранттар. (Көрнекі сурет.)

Венгрия Еурокомиссияның мигрант қабылдауға міндеттейтін квотасына қарсы сотқа шағымданбақ. Бұл туралы жұма күні Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мәлімдеген. Оның айтуынша, үкімет жақында елде өткен референдум қорытындысына сүйеніп отыр. Референдумге қатысқан Венгрия азаматтарының 98 пайызы босқындарды ел аумағына мигрант орналастыруға қарсы екендерін білдірген.

Орбанның сөзінше, мигрант қабылдауға міндеттейтін квота Венгрияның ұлттық егемендігіне қауіп төндіреді. Премьер-министр Венгрия конституциясына ел аумағына мигранттарды қоныстандыруға тыйым салу туралы өзгеріс енгізуге уәде еткен.

Былтыр Еуропада миграция дағдарысы басталғаннан кейін Еурокомиссия босқындарды Еуропа Одағы елдеріне бөліп орналастыруды ұсынған. Міндетті квота бойынша Венгрия 1300-ге жуық мигрант қабылдауы тиіс. Бірақ ел үкіметі оған қарсылық білдіріп, бұл мәселені жалпыұлттық референдумге шығарған. Қазанның 2-і күні өткен референдумге тұрғындардың 40 пайызы ғана қатысуы себепті оның заңды күші жоқ деп танылған. Венгрия заңнамасына сәйкес, референдум қорытындысын заңды деп тану үшін оған дауыс беру құқығына ие азаматтардың кемінде 50 пайызы қатысуы қажет.

XS
SM
MD
LG