Accessibility links

Иранның экс-прокурорына дүре соғу жазасы кесілді


Саид Мортазави, Иранның бұрынғы бас прокуроры.
Саид Мортазави, Иранның бұрынғы бас прокуроры.

Иранның бұрынғы бас прокуроры Саид Мортазавиге коррупция айыбы бойынша 135 дүре соғу жазасы кесілді. Мортазави 2009 жылғы президент сайлауынан соң оппозицияшыл "Жасылдар қозғалысының" белсенділерін сотпен қудалау ісінде негізгі рөл атқарған еді. 2 қарашада сот оны Ирандағы әлеуметтік бағдарламаларға басшылық еткен кезде "мемлекет қаржысын иемденіп, талан-таражға алды" деп айыптады.

49 жастағы Саид Мортазави сот үкіміне апелляциялық шағым беруі мүмкін. Ол бұрынғы президент Махмуд Ахмединежадтың серігі болған. Оның үкімі 2003-2009 жылдары сот жүйесін басқарған және реформаны жақтаушылар мен оппозициялық БАҚ-қа қарсы науқанға жетекшілік еткен адамның биліктен аласталуының шырқау шыңы болды.

2010 жылы парламент Мортазавиді үкіметке қарсы демонстрацияға қатысқан үш адамның өліміне кінәлі деп тапқан. Төрт жыл бұрын ол адвокаттық қызмет жасау құқығынан айырылған.

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы 2010 жылы Мортазавиді "адам құқығын үнемі бұзушы" деп атаған. АҚШ оған бас прокурор қызметін атқарған кезде "адам құқығын өрескел түрде және тоқтаусыз бұзғанына" байланысты санкция салған. Оның 2003 жылы Иран әрі Канада азаматы, фототілші Захра Каземидің Иранда тергеу кезінде қамауда отырғанда қаза табуына қатысы бар делінеді.

XS
SM
MD
LG