Accessibility links

Атырауда Боқаев пен Аянды қолдаған кеш өтті


Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдауға арналған шығармашылық кеш. Атырау, 6 қараша 2016 жыл.
Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдауға арналған шығармашылық кеш. Атырау, 6 қараша 2016 жыл.

Қарашаның 6-сы күні Атырау облысының бір топ тұрғыны Атырау қаласындағы мейрамханалардың бірінде "заңсыз митинг ұйымдастырды", "әлеуметтік, ұлттық алауыздық тудырды" деген айыппен сотталып жатқан азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға арналған шығармашылық кеш өткізді.

Кешті сәуірдегі жер реформасына қатысты митингіге қатысқан адамдардың бірі Қасым Қожантай жүргізді. Қожантай кешті "Бостандық кеші" деп хабарлады.

Кешті ұйымдастырған - азаматтық белсенділерді қолдау тобы. Топ мүшелерінің бірі Шаттық Тәжкенованың айтуынша, арнайы сценарий жазылып, ән айтылады, өлең оқылады деп жоспарланған кешті ұйымдастырудың өзі қиынға соққан. Тапсырыс берген мейрамханалар бірінен кейін бірі бас тартып, ең соңында қаланың шеткі Привокзальный ауданынан әзер орын табылған.

- Көшеде жиналып пікір айтсақ соттайды, сондықтан Макс Боқаев пен Талғат Аянға осылайша қолдау білдіргіміз келді. Олардың ісі бәрімізге үлгі, - деді Шаттық Тәжкенова Азаттыққа.

Боқаев пен Аянды қолдаушылар олардың отбасылық суреттерінен фотокөрме жасап, атқарған қоғамдық істері туралы бейнефильм түсірген.

Шығармашылық кешке Макс Боқаев пен Талғат Аянның туыстары, оларға қолдау білдірген тұрғындар келді. Екі белсендінің аналары Рахила Қожасова мен Ұлдай Айназарова сөз сөйлеп, ұлдарын "конституциялық құқығын пайдаланып, еркін пікір айтқаны үшін жазықты болды" деп санайтындарын айтты.

Сотталушыларды қолдауға келген бастамашыл топ мүшелерінің бірі Бекболат Мұханәли гитарамен азаматтық рухтағы әндер орындады. Жиналғандар әлеуметтік желіде тараған орысша, қазақша жазылған арнау өлеңдерді оқыды, Қазақстандағы сөз бостандығы, ой еркіндігі туралы пікірлерін айтты. Кеш соңында жиналғандар "Менің Қазақстаным" әнін ескі мәтінмен бірігіп орындады.

XS
SM
MD
LG