Accessibility links

Шешенстанда Қадыровты сынаушының жоғалғаны туралы ақпарды тексеріп жатыр


Рамазан Жалалдинов.
Рамазан Жалалдинов.

Шешенстан прокуратурасы Кенха елді мекенінің тұрғыны Рамазан Жалалдиновтың ұшты-күйлі жоғалып кеткені туралы ақпаратты тексере бастады деп хабарлайды "Интерфакс" агенттігі. Жалалдинов көктемде Ресей президентіне Шешенстандағы коррупция туралы шағымданған еді.

Ақпаратты тексеруге Шешенстандағы адам құқығы жөніндегі уәкіл Нурди Нухажиев те кіріскен. Омбудсмен бұл ақпараттың "шешен тақырыбын өз пайдасына пайдаланғысы келетіндердің" арандатуы болуы да мүмкін екенін жоққа шығармады. "Жалалдиновтың жоғалғаны туралы не себепті Каляпиндер мен шешен тақырыбын өз мақсатына пайдаланатындардың құқық қорғау органдарынан бұрын біліп алғаны түсініксіз" деген Нухажиев "Грозный-Информ" агенттігіне. "Азаптаудың алдын алу комитетінің" жетекшісі Игорь Каляпин Жалалдиновтың жоғалғанын алғашқылардың бірі болып Facebook-те жариялаған.

3 қарашада 56 жастағы Жалалдинов ұлымен бірге Шешенстаннан шықпақ болған. Бірақ оларға полиция кедергі жасаған. Тергеуден соң олардан паспортын, ұялы телефонын тартып алып, босатып қоя берген. Келесі күні таңертең туыстары Жалалдиновты ұйықтап жатқан бөлмесінен таба алмаған.

Сәуірдің ортасында Жалалдинов Ресей президенті Владимир Путинге Шешенстандағы коррупция туралы шағымданған. Ұзамай Жалалдиновке қоқан-лоққы, доқ көрсетіліп, оның салдарынан ол республикадан кетуге мәжбүр болған. Мамыр айында белгісіз адамдар оның үйін өртеген. Кейін Жалалдинов Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың алдында кешірім сұраған. Қадыров бұған жауап ретінде оған республикаға оралуды ұсынып, "теңдессіз қамқорлық көрсетуге" уәде берген.

XS
SM
MD
LG