Қазақстанда 10 қарашада 10 желтоқсанға дейін СПИД-пен күрес айлығы басталды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз конференциясында СПИД-пен күрес кампаниясының өкілдері жариялады. Жиынға республикалық СПИД-тің алдын алу және онымен күрес орталығы директорының орынбасары Ирина Петренко, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бөлім басшысы Наталья Сүлейменова, БҰҰ-ның ВИЧ/СПИД бағдарламасының Қазақстандағы кеңсесінің басшысы Александр Голиусов және тағы бірнеше адам қатысты.
Жиынға қатысқандардың айтуынша, айлық кезінде тұрғындардың ВИЧ/СПИД туралы сауатын арттыру, қоғам назарын осы індетке аударту, індеттің алдын алу бағдарламаларын қолдау, ВИЧ-пен ауыратын адамдарға қатысты кемсітушілікті жою мақсатында түрлі шаралар өткізіледі.
БҰҰ-ның ВИЧ/СПИД бағдарламасының мәліметінше, әлемде соңғы бес жылда жыл сайын шамамен 1,9 миллион адам ВИЧ жұқтырады. Ал Қазақстанда тұрғындар арасында ВИЧ-тің таралу деңгейі халық санының 0,1 пайызынан аспайды.