Иранның діни тұлғаларының бірі аятолла Ахмад Хатами АҚШ президенті болып жаңадан сайланған Дональд Трампты оның сайлауалды науқан кезінде ирандықтарды «террористер» деп атаған сөзі үшін кешірім сұрауға шақырған.
Ахмад Хатами бұл мәлімдемесін келер жылғы қаңтарда Трамптың инаугурациясы өткен соң бұған дейін Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша АҚШ қол қойған келісім қайта қаралатыны туралы хабарлар тарап отырған кезде жасаған. Жұма күні АҚШ мемлекеттік департамент өкілі Марк Тонер Иранмен келісімнің Вашингтон үшін ешқандай заңды міндеттемесі жоқ деп мәлімдеген. Оның сөзінше, Трамп келісімді орындаудан бас тартып қана қоймай, сонымен бірге Иранға қарсы салынған экономикалық санкцияларды жұмсарту туралы президент Барак Обама қабылдаған жарлықтардың күшін жоя алады.
Биыл наурыз айында президенттік сайлауалды науқан кезінде кандидат Дональд Трамп Иранды терроризмге қолдау танытады және Израильге қатер төндіреді деп айыптаған. Сол жолы миллиардер егер өзі АҚШ президенті болып сайланатын болса Тегеранға қарсы шаралар қабылдауға уәде еткен.
2015 жылғы желтоқсанда Сан-Бернардино қаласында 14 адамның өмірін қиған шабуылдан кейін Трамп мұсылмандарды «АҚШ-қа қауіп төндіреді» деп сипаттап, олардың елге келуіне тыйым салуға шақырған. Миллиардердің бұл сөзі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қатты сынға қалған. Кейін Трамптың жақтастары әңгіме АҚШ-қа келуді қалайтын жалпы мұсылмандар жайлы емес, радикалды исламшыларға қатысты айтылған деп мәлімдеген болатын.