Accessibility links

Судья Боқаев пен Аянның сотына әкім мен прокурорды шақырудан бас тартты


Белсенді Макс Боқаев (оң жақта) пен Талғат Аян сотта тұр. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.
Белсенді Макс Боқаев (оң жақта) пен Талғат Аян сотта тұр. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты келесі аптада жарыссөзге көшетін болды. Судья Гүлнәр Дәулешова сот өндірісіне Қазақстандағы жер телімдерінің шетелдіктерге сатылатыны туралы БАҚ-тарда жарияланған материалдарды іске қосу және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен қала прокуроры Руфат Құттықовты куә ретінде шақыру туралы адвокаттар өтінішін қараудан бас тартатынын мәлімдеді.

- Басылымдардағы ақпараттар туралы бұған дейін бірнеше мәрте айтылды. Ал Ноғаев пен Құттықовты шақырудың керегі жоқ. Біз олардың пікірін видеодан тыңдадық, олар қылмыстық іске қатысты ешқандай түсініктеме бере алмайды, - деді Гүлнәр Дәулешова.

Прокурор Қасым Сыдықов осымен өтініштерді қарауды доғарып, жарыссөзге өтуді ұсынды. Адвокат Төлепқали Аянов айыптау актісіндегі 200-ден астам куәнің тек айыптау тарабын қолдайтын біреуінің ғана шақырылғанын көлденең тартып, соттың тезірек үкім шығаруға асығып отырғанын айтты. Судья бұл уәждің дәйексіз, соттың тәуелсіз екенін ескертіп, қарашаның 21-і күні сағат 9:30-да жарыссөздің басталатынын хабарлады.

Адвокаттардың жарыссөзге уақыт беруін сұраған өтінішіне судья Гүлнәр Дәулешова "сенбі, жексенбінің жеткілікті екенін" айтты.

Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян Атырауда биыл сәуірдің 24-і күні үкіметтің жер реформасына қарсы өткен жаппай наразылық шеруінен кейін көп ұзамай тұтқындалған.

Кейіннен ҰҚК жер реформасына қарсы митингілерді шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов «қаржыландырды» деп мәлімдеді. Қазанның 12-сі күні басталған Атыраудағы сот процесінде «билікті күшпен басып алмақ болды» деп айыпталып, қамауда отырған бизнесмен Төлешов «Талғат Аянға ақша беріп жібергенін» баяндады.

Екі белсендіге қылмыстық кодекс бойынша «әлеуметтік араздық тудыру», «жалған ақпарат тарату» және «митинг өткізу тәртібін бұзу» айыптары тағылған болатын. Айыпталушы Макс Боқаев пен Талғат Аян өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды, куәлер жауабын теріске шығарады.

XS
SM
MD
LG