Алматы облысы Есік қаласында жергілікті тұрғын Жібек Мусинованы "топпен зорлады" деген айыппен сотталған адамдардың "жазықсыз" екені туралы бүгін олардың адвокаттары мәлімдеме жасады.
Адвокат Андрей Иванниковтың мәлімдеуінше, сот "айыптау сарынында" өткен және процессуалдық нормалар "өрескел бұзылған". Адвокат оған мысал ретінде судьяның айыптау үкімін шығарған кезде генетикалық-молекулярлық сараптама нәтижелерін ескермегенін айтты. "ДНК сараптамасының қорытындысы бойынша, сотталған үш адам Жібек Мусиновамен жыныстық қатынасқа түспеген, генетикалық материал тек бір адамның ғана қатынасы болғанын анықтаған" дейді адвокат. Сотта адвокаттар "Жібек Мусинова бір адаммен жыныстық қатынасқа өз еркімен барған" деген болжамды ұстанған болатын.
Жәбірленушінің адвокаты Айман Омарова Азаттыққа берген түсініктемесінде генетикалық-молекулярлық сараптама қорытындысы қарама-қайшы сипатта жасалған деп түсіндірді.
- Генетикалық-молекулярлық сараптама қорытындысы айқын бұрмалаушылықтармен жүргізілгендіктен судья оны назарға алған жоқ. Өз тәжірибемде бұл осы сарапшы шығарған қорытындыға жаппай сын айтылған үшінші жағдай. Біз оны сотқа беруді ұйғардық, - дейді адвокат Айман Омарова.
Сотталғандардың адвокаты Турохан Низаметдинова "сот әділ болған жоқ" деп мәлімдеді. Оның пікірінше, "тергеу процесі кезінде және сот барысында БАҚ арқылы судьяға қысым жасалған".
- Елбасы (президент Нұрсұлтан Назарбаев - ред.) судьяларға қысым жасамауды талап еткен. Есіктегі сотта ол талап орындалған жоқ, - деп мәлімдеді баспасөз мәслихатында Турохан Низаметдинова.
Сотталғандардың адвокаттары апелляциялық шағым түсірген. Апелляциялық сот оны 2017 жылғы қаңтарда қарамақ. Есік қаласының соты "бірнеше адам бірігіп зорлады" делінген Жібек Мусинованың ісі бойынша үкімді қарашаның 28-і күні шығарған. Айып тағылған төрт адам кінәлі деп танылып, ұзақ жылдарға сотталды: Асхат Бектұрсын - 10 жылға, Елтай Нұрбол - 9 жылға, Алмас Ермеков – 9,5 жылға, Ербол Ермеков - 8 жылға бас бостандығынан айырылды.