Accessibility links

Сирияда қоршаудағы қалаларда 500 мың бала бар


Алеппоға әуе шабуылы кезінде зардап шеккен балалар. 18 қараша 2016 жыл.
Алеппоға әуе шабуылы кезінде зардап шеккен балалар. 18 қараша 2016 жыл.

Сириядағы жанжал созыла түскен соңғы бір жылдан қоршаудағы қалалардағы бала саны екі еселеніп, 500 мыңға тақаған. Бұл туралы БҰҰ балалар қоры (ЮНИСЕФ) хабарлаған.

Жарты миллионға тарта бала Сирияда 16 ауданда қоршауда қалған және олар гуманитарлық жәрдемнен толық шет қалып отыр делінген балалар қоры хабарламасында. Қордың бағалауы бойынша, Алеппоның сыртқы әлеммен байланысы үзілген, оппозиция күштері бақылайтын шығыс бөлігінде ғана 100 мыңға жуық бала бар.

ЮНИСЕФ-тің айтуынша, балалар қарулы жанжал жағдайында үйлер, мектептер мен ауруханалар жертөлелерінде ойнауға, білім алуға және медициналық жәрдем қабылдауға мәжбүр.Ұйымның ақпараты бойынша, Сирияның қоршаудағы аудандарының бірінде еріктілер тобы бірнеше үйдің жертөлесін қосып, жер астында балалардың ойын алаңын ашқан. «Бұл алаңға күн сайын орташа есеппен 200-ге жуық бала келеді. Қоршаудағы өзге бір ауданда жер астындағы мектепте 250 қыз бала білім алады» делінген құжатта.

«Миллиондаған адам, әсіресе қоршауда тұрып жатқан жүз мыңдаған балалар үшін Сириядағы өмір таусылмас тозаққа айналған. Оларды өлтіреді, мертіктіреді, олар мектепке баруға, тіпті ойнауға қорқады, олар тірі қалуы үшін қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмектен тарығып отыр», - деп мәлімдеген ЮНИСЕФ қоры атқарушы директоры Энтони Лейк.

Сириядағы азаматтық соғыстың басталғанына алты жыл толар қарсаңда Энтони Лейк жанжалға қатысушы тараптарды елді мекен, қалаларды қоршаудан босатуды, сонымен бірге «елдің барлық аудандарына тұрақты, кедергісіз және жедел гуманитарлық жол болуын қамтамасыз етуге» шақырған.

XS
SM
MD
LG