Францияның бұрынғы премьер-министрі Франсуа Фийон Франциядағы Республикашыл партия праймеризінің екінші кезеңінде бәсекелесі, экс-премьер Ален Жюппеден әлдеқайда басым түсіп, жеңіске жетті. Қазірге дейін бюллетендердің 80 пайызы саналған. Фийонді дауыс бергендердің 67 пайызы қолдаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл дауыс беру келесі жылы көктемде болатын президент сайлауында Марин Ле Пеннің әсіре оңшыл қозғалысының кандидатымен бірге кімнің бәсекеге түсетінін анықтап отыр.
Жюппен жеңілгенін мойындады. Сайлауалды кампаниясының штаб-пәтерінде сөйлеген Фийон "Мен енді жобамыздың бүкіл елді жігерлендіретініне сендіруім керек" деп мәлімдеді. Енді сарапшылар Социалистік партияның қаңтарда болатын праймеризіне баса назар аудармақ. Мұндағы басты мәселе іс басындағы президент Франсуа Олланд өз кандидатурасын президенттікке ұсына ма деген сауалда болмақ. Олландтың қазір тұрғындар арасында беделі төмендеп кеткен. Сарапшылар праймеризде премьер-министр Мануэль Вальс президенттікке түсуге дайындалуы мүмкін дейді.