Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ аудандық сотында жергілікті тұрғын Жібек Мусинованы топ болып зорлау ісіне қатысты сот үкімі жарияланды. Сот бұл іске қатысты төрт адамды қылмыстық кодекстің "Адам зорлау", "Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері", "Адам ұрлау" және "Бұзақылық" баптары бойынша айыпты деп тапты. Жасы 22-29 жас аралығындағы айыпталушылар Асхат Бектұрсын - 10 жылға, Елтай Нұрбол - 9 жылға, Алмас Ермеков - 9 жыл 6 айға, Ербол Ермеков 8 жылға сотталды. Сот іс материалы бойынша салонында зорлық қылмысы іске асты делінген көлікті тәркілеуге қаулы шығарды.
Үкім жарияланған соң сот залында жанжал туды. Сотталушылардың туыстары сот процесін түсіріп тұрған тілшілерге тиісті. Олар операторлардың бірін жығып, Жібек Мусинова мен оның адвокаты Айман Омарованы тілдеді. Полиция қызметкерлері жанжалға кейінірек араласып, сотталушылардың туыстарын тоқтатты.
Сотталушылардың адвокаты Андрей Иванников сот үкімімен келіспейтінін және оған апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Гүлбадар Мусинова қызы Жібек Мусинованы 14 тамызға қараған түні Есікте төрт адамның зорлағанын айтып, қылмысты тергеуде көмек көрсетуді сұрап видеоүндеу жариялаған.
Жібек Мусинова топтасып зорлауға ұшырады деп болжанған биылғы тамыздың 14-іне қараған түнгі оқиғаны жергілікті баспасөз құралдары «резонансты қылмыс» деп атаған. Полицейлер төрт күдіктіге қатысты қылмыстық істі Мусинованың анасының видеоүндеуінен кейін ғана қозғаған, ал қылмыстық іс журналистердің назарына ілікті.
Бұл іс бойынша сот 19 қазанда басталып, жабық түрде өтті.