Accessibility links

Сотталған мұғалім Пактің адвокаты: Іс созылып барады


Физика пәнінің мұғалімі Юрий Пак өзіне қатысты істің апелляциялық шағымын қарау сотында отыр. Қарағанды, 28 қараша 2016 жыл.
Физика пәнінің мұғалімі Юрий Пак өзіне қатысты істің апелляциялық шағымын қарау сотында отыр. Қарағанды, 28 қараша 2016 жыл.

Қарағандыда бүгін "жалған терроризм" айыбымен екі жылға сотталған мұғалім Юрий Пактің ісі бойынша апелляциялық сотта басты куәгерлерден жауап алу басталды. Юрий Пактің адвокаты Сергей Ким бұған дейін соттан "Қазақтелекомның" екі қызметкерінен терроризм туралы қоңырау Юрий Пактің телефонынан жасалды ма деген мәселені анықтау үшін жауап алу туралы талап-арыз түсірген.

- Сол уақыт аралығында аталған абоненттен қоңырау соғылмаған. Егер қорапты сырттан ашып кіргендей болса, онда рұқсатсыз қосылуға болады, - деді сотта "Қазақтелеком" компаниясының техникалық қолдау орталығының басшысы Людмила Козаченко.

Бүгінгі сотта сонымен қатар айыптаушы жағынан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Жариков жауап берді.

- 112 нөмірі 43 38 87 нөміріне бекітілген. Бізде АТС желісі жоқ. Абоненттің қоңырауы 43 38 87 нөміріне түседі. Ал егер қоңырау соғушы полицияны немесе жедел жәрдемді сұраса, онда 43 22 25 нөміріне қосылады. Осы екі желі арасында конференц-байланыс орнайды, - деді Жариков.

Прокурор кейбірі бұған дейін жауап берген куәгерлерді сотқа шақыру туралы өтініш түсірді. Бүгін сотта жауап берген "Қазақтелекомның" қызметкері Галина Кузнецованың сөздерінен қайшылық байқалды. Ол бүгінгі сотта бұған дейінгі сотқа жауабын "тек долбармен" бергенін айтты. Прокурор "қосылудың қалай болғанын" анықтау үшін басқа да куәгерлерден жауап алуды сұрады. Сот ол өтінішті қанағаттандырды. Бірақ адвокат Сергей Ким сотқа "Қазақтелеком" мамандары істе аталған нөмірмен қосылу болмағанын айтқандықтан "іс созылып бара жатқанын" айтты. Ол сонымен бірге іс бойынша кейбір дәлелдерді жарамайды деп тануды да сұрады.

Бүгін сотқа мұғалім Юрий Пак та қатысты. БАҚ өкілдері сот барысын басқа бөлмеден монитор арқылы бақылады. Пакті сотқа айдауылмен алып келді. Барлық куәгерлерден жауап алынған соң судья мұғалымге сөз берді. Пак ұзақ сөйлемеді.

- Мен бұл нөмірден ешқайда қоңырау соққан жоқпын. Бары осы, - деді Юрий Пак.

Оның сөзінен соң судья түстен кейінге дейін үзіліс жариялады.

Юрий Пактің адвокаты Сергей Ким шағымында сот материалындағы кейбір жайттарға, әсіресе сараптама қорытындыларына күмән келтірген. Мұғалімнің ісі қоғамдық резонанс тудырған.

XS
SM
MD
LG