Украина президенті Петр Порошенко Қырым татарларының ATR телеарнасын мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды көздейтін заңға қол қойған. Украина парламенті бұл заңды өткен айдың 17-інде қабылдаған.
Қырым татарларының ATR телеарнасы бұған дейін бірнеше рет Украина мемлекеттік бюджетінен уәделі қаржының түспегені және телеарнаның Литваға қоныс аудару ниеті туралы мәлімдеген. Телеарнаның жаңалықтар қызметінің бас редакторы Осман Пашаевтың мәлімдеуінше, үкімет телеарнаны қаржыландыру туралы қаулы қабылдағанымен қаржы министрлігі ақша аудармаған деп хабарлайды «Украинская правда» басылымы.
Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін жергілікті билік тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына хабар таратуға лицензия бермей қойған соң олар Қырымнан кетуге мәжбүр болған еді. АТR телеарнасы Киевке қоныс аударып, сол жерден 2015 жылы жазда хабар таратуын жалғастырған.