Ресей банктерінен 2016 жылы хакерлер екі миллиард рубльден астам ақша ұрлаған. Бұл туралы Ресей орталық банкіне (Банк России) сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлаған. Қылмыскерлер жалпы сомасы бес миллиард рубль ұрламақшы болған. Орталық банк басшылығы ұрлыққа қандай хакерлік топтардың қатысы бары туралы ашып айтпаған.
Бұған дейін CNN телеарнасы аталған соманы ресейлік банктердің орталық банктегі есеп шоттарынан ұрлаған деп хабарлаған болатын. Ресей орталық банкі ол ақпаратты жоққа шығарып, әңгіме 2016 жылдың басынан бергі кезеңде ресейлік коммерциялық банктердің хакерлік шабуылдар кесірінен шеккен жалпы шығын жайлы екенін айтқан.
Бұл хабар әлдебір «шетелдік арнайы қызметтердің Ресейдің қаржы жүйесін шайқалту үшін ресейлік ірі банктерге кибер-шабуылға дайындалып жатқаны» жайлы Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мәлімдеме жасаған шақта тарап отыр. ФСБ-нің мәліметінше, Нидерланд аумағында орналасқан хакерлер серверлеріне украиналық BlazingFast хостинг компаниясы иелік етеді.