Өзбекстан азаматтары желтоқсанның 4-і, жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 6-да ашылған сайлау учаскелерінде президент сайлауына дауыс беріп жатыр.
Бұл сайлау Орталық Азияда постсоветтік мемлекеттер арасында халқының саны ең көп елді соңғы 27 жыл авторитарлық тәсілмен басқарып, биыл қыркүйектің басында қайтыс болған Ислам Каримовтан кейін бес жыл мерзімге президент болатын адамды анықтауы тиіс.
Президент сайлауына қатысып жатқан төрт кандидаттың бірі - қазіргі премьер-министр әрі президент міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияев бұрынғы президент Каримовтің саяси бағытын ұстанатынын мәлімдеген. Қалған үш кандидатта билікті қолдайтын саяси ұйымдардан ұсынылғандар: Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясынан Хотамжон Кетмонов, «Милли тикланиш» («Ұлттық жаңғыру») партиясынан Сарвар Отамурадов және «Адолат» социал-демократиялық партиясынан Наримон Умаров.
Ресми мәлімет бойынша, Өзбекстанда дауыс беру құқығына ие 20 миллионнан аса сайлаушы бар. Олардың бірсыпырасы президент сайлауына алдын ала, қарашаның 24-інен бастап дауыс беріп тастаған.
Сайлау учаскелерінде дауыс беру бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-ге дейін жалғасады.