Accessibility links

Белсенді "көлігіне шабуыл жасалғанын" айтты


Қоғам белсендісі Жанболат Мамай (ортада) бүлінген көлігіне қарап тұр. Алматы, 6 желтоқсан 2016 жыл
Қоғам белсендісі Жанболат Мамай (ортада) бүлінген көлігіне қарап тұр. Алматы, 6 желтоқсан 2016 жыл

6 желтоқсан күні кешкі сағат 20.00 шамасында қоғам белсендісі Жанболат Мамай Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Алматы қаласы Әуезов ауданы Ақсай ықшам ауданындағы үйінің алдында көлігінің айнасы мен терезесін белгісіз адамдар сындырып кеткенін хабарлады.

Оқиға орнына барған Азаттық тілшісіне Жанболат Мамай "белгісіз адамдар сындырды" деп көлігінің шытынаған айнасын, жүргізуші жақ бетіндегі тұтас қираған терезесін көрсетті.

- Үйден сағат 15.00-де шыққанымда [көлігімнің] айнасы сынғанын байқадым. Бұзақылардың ісі болар деп ойлап мініп кеттім. Кешкі алтыда қайтадан подъезд алдына қойдым. Сағат 20.00-де жүргізуші жағындағы терезесін таспен сындырып, шағып кеткенін көрдім. Бір күннің ішінде екі рет сындырғаны күдік тудырады. Мұны Макс Боқаев пен Талғат Аянды жазықсыз соттатуға себепкеркер күштер жасады деп ойлаймын. Көліктің ішіндегі заттар ұрланбаған, - дейді ол.

"Рух пен тіл" ұйымының жетекшісі, "Трибуна" газетінің бас редакторы Жанболат Мамай жуырда "әлеуметтік араздық тудырды" деген айыппен бес жылға сотталған атыраулық азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға желтоқсанның 17-сінде «Халық батыры» деген қоғамдық сыйлық береміз деп жариялаған. Боқаев пен Аян үкіметтің жер реформасына қатысты халық толқуы кезінде митингіге шыққан соң істі болған. Жанболат Мамай бұл оқиғаны "аталған белсенділерге сыйлық бергізбеу үшін жасалған ескерту" деп долбарлайды, енді өзіне де тікелей шабуыл жасалуы мүмкін деп қауіптенеді.

Жанболат Мамай бірнеше қайтара телефон соққасын барып полиция да жетті. Өздерін "Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері" деп таныстырған жедел-іздестіру тобы көлік есігінен саусақ таңбаларын алып, хаттама толтырды. Полиция әзірге қандай да бір ақпарат бере алмайтынын айтты. Жанболат Мамайдың көлігі зақымданғанын белсендінің Facebook-тегі постынан және тікелей трансляция видеосынан білген бірнеше қоғам белсендісі де оқиға орнына келді.

Қоғам белсенділерінің көліктеріне зақым келтіру оқиғалары Қазақстанда бұрын да бірнеше рет болған еді. 2013 жылы қазан айында қоғам белсендісі Ермек Нарымбаевтың көлігі өртенген. Нарымбаев "көлігін біреулердің әдейі өртегенін көрген адамдар бар" екенін, "өзінің қоғамдық белсенділігіне байланысты қорқыту болуы мүмкін" екенін айтқан.

2003 жылы маусым айында саясаткер, жер жөнінде бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде қоғамдық комитет төрағасы Балташ Тұрсымбаевтың көлігі түнде өртелген. Тұрсымбаев та көлігінің бүлінуін жер мәселесіне байланысты белсенділігінен көрген.

XS
SM
MD
LG