Accessibility links

Меркель ХДО партиясының басшысы болып қайта сайланды


Германия канцлері Ангела Меркель Христиан-демократиялық одағы партиясының съезінде. Эссен, Германия, 6 желтоқсан 2016 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель Христиан-демократиялық одағы партиясының съезінде. Эссен, Германия, 6 желтоқсан 2016 жыл.

Германия канцлері Ангела Меркель Христиан-демократиялық одағы (ХДО) партиясының басшысы болып қайтадан сайланды. 6 желтоқсанда партияның Эссен қаласында өткен съезінде Меркельдің өкілеті төртінші мерзімге ұзартылды. Дауыс беруге төрт мыңға тарта делегат қатысты. Олардың 89,5 пайызы Меркельді қолдап дауыс берді. Екі жыл бұрынғы съезде Меркель 96.7 пайыз дауыс жинаған еді.

Ангела Меркельдің мигранттарды қабылдауға шектеу қоймау саясаты халық арасында наразылық тудырып, оның ХДО партиясындағы беделіне кері әсер еткен. Аймақтық сайлауда популистік оңшыл "Германияға балама" партиясы табысқа жете бастаған тұста Меркель миграция мәселесіне қатысты ұстанымын күшейтуі мүмкін. Делегаттардың съездегі дауыс беруіне дейін Меркель Германиядағы популизмді сынап, қоғамдық орындарда әйелдердің бет-әлпетін толық жауып тұратын мұсылман киімі - ниқабқа тыйым салу туралы ұсынысты қолдайтынын білдірген.

ХДО партиясы сот залында, көлік жүргізгенде ниқабқа тыйым салатын заң жобасын даярлауды бастаған. Меркель "Мұндай жабық киімге барлық жерде заңның мүмкіндігінше тыйым салынуы тиіс. Әлем ақ пен қара ғана емес. Елімізде прогреске жеңіл шешімдердің де септігі тиетін кездері болып тұрады" деді Меркель.

XS
SM
MD
LG