Сириялық белсенділер мен мемлекеттік БАҚ үкімет әскері мен олардың одақтастары Алепподағы көтірілісшілер қолында болған ескі қаланы толықтай бақылауға алғанын хабарлады. Көтерілісшілер аймақта бес күндік гуманитарлық бітім жариялауды сұрап жатыр. Батыстың алты елі әлі де көтерілісшілер бақылауында тұрған аудандардағы жағдай гуманитарлық апатқа жақын екенін айтып, көмек көрсету үшін қақтығысты тоқтатуға шақырды.
Syrian Observatory for Human Rights ұйымы қазір Сирия армиясы мен олардың одақтастары Алеппоның шығыс бөлігінің 75 пайызына бақылау орнатқанын хабарлайды. Ол территориялар төрт жыл бойы көтерілісшілер бақылауында болған. Үкімет әскерінің қаланы қайтарып алу операциясы үш аптаға созылып жатыр. Президент Башар Асад армиясы оппозициялық күштер қолында қалған жалғыз қаланы алса азаматтық соғыс басталған 2011 жылдан бергі ең ірі жеңіске қол жеткізейін деп тұр.