Accessibility links

Алматыда Буштың Назарбаевқа жазған хатын көрмеге қойды


АҚШ-тың бас консулы Марк Муди мұрағат директоры Борис Жапаровқа Джордж Буштың Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған Қазақстан тәуелсіздігін мойындау туралы хатының көшірмесін табыстап тұр. Алматы, 8 желтоқсан 2016 жыл.

Алматыда бүгін президент мұрағатында "Жасампаздық пен табыстың қазақстандық жолы" деп аталатын көрме ашылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Көрмеге бірінші рет Қазақстанның мемлекет болып қалыптасу тарихына қатысты нормативтік және заңнамалық құжаттардың, стратегиялық жоспарлардың түпнұсқалары, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ондаған суреті мен кітабы қойылған.

Көрменің екі стенді Қазақстан мен АҚШ-тың дипломатиялық ынтымақтастығына 25 жыл толғанына арналған. АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған. Көрмеге қойылған хаттар арасында АҚШ президенті үлкен Джордж Буштың Қазақстан тәуелсіздігін ресми түрде мойындау туралы хатының көшірмесі бар. Хат 1991 жылы 26 желтоқсанда жазылған. Көрме ашылғаннан кейін бірден өткізілген дөңгелек үстелде АҚШ-тың бас консулы Марк Муди мұрағат директоры Борис Жапаровқа осы хаттың көшірмесін табыстады.

АҚШ дипломаты құттықтау сөзінде екі жақты қарым-қатынастың негізгі даму кезеңдерін айтып өтті. Ол сөзінің арасында экранда Назарбаевтың 1992 жылы 19 мамырда алғаш рет Ақ үйге жасаған алғашқы сапарынан, Буш пен Назарбаевтың америкалық "Таға" ойынын ойнағанынан, Назарбаевтың Қазақстанда жұмыс істеген АҚШ елшілерімен түскен суреттерін көрсетті.

Көрменің ашылуы мен дөңгелек үстелге мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетел дипломаттары, мемлекеттік мекемелердің, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, ғылыми және интеллигенция өкілдері, Алматыдағы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты. Көрмені ұйымдастырғандар көрме мен дөңгелек үстелдің "Қазақстанның тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерін" кеңінен қамтып, насихаттау үшін ұйымдастырылғанын айтады.

XS
SM
MD
LG