Accessibility links

ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлері Гамбургте кездеседі


ЕҚЫҰ елдері сыртқы істер министрлерінің жиыны. Гамбург, Германия, 8 желтоқсан 2016 жыл.
ЕҚЫҰ елдері сыртқы істер министрлерінің жиыны. Гамбург, Германия, 8 желтоқсан 2016 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) елдерінің сыртқы істер министрлері бүгін Германияның Гамбург қаласына жыл сайынғы кездесуге жиналды. Кездесуде Украина мен Сирия дағдарысы да талқыланбақ.

Екі күндік кездесу қарсаңында Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Ресейді Еуропадағы шиеленісті "бәсеңсітуде" және "Сирияда гуманитарлық бітім орнатуда" көмек көрсетуге шақырды.

Штайнмайердің кеңсесі оның бұл туралы 7 желтоқсанда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуде айтқанын хабарлады.

Германияның FAZ газетінде жарияланған бірлескен мәлімдемеде Штайнмайер мен Австрия және Италия сыртқы істер министрлері Ресейді Украинадағы әрекеті арқылы "Еуропадағы бейбітшіліктің ұстынын бұзды" деп айыптайды.

Лавров Гамбургте сонымен қатар АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен де кездесті. Керри кездесуде Лавровпен "Алепподағы тым асқынған жағдайды" талқылағанын айтты.

Ресей 2014 жылы наурызда Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алып, Украина шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткен соң Мәскеудің Батыс елдерімен қатынасы нашарлап кеткен. Ал 2015 жылдың күзінде Ресейдің Сирияда президент Башар Асадты қолдап әуе шабуылдарын жасай бастауы қарым-қатынасты одан ары шиеленістірген.

XS
SM
MD
LG