Accessibility links

АҚШ Түркіменстанда Азаттық тілшілерінің қудалануын айыптады


Ниша Бисваль, АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі
Ниша Бисваль, АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі

АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі Ниша Бисваль Азаттықтың Түркіменстандағы тілшілерінің қудалануын айыптады.

Азаттықтың Түркіменстандағы тілшісі Худайберді Аллашов 3 желтоқсанда Дашогуз облысының Көнеүргеніш ауданында ұсталған. Полиция журналист пен оның анасына "заңсыз 11 келі насыбай сақтады" деген айып таққан.

Аллашовтың әйелінің айтуынша, полиция қызметкерлері Худайберді Аллашовтың үйіне басып кіріп, ұрып-соққан. Кейін өзіне күйеуінің "насыбай сақтағанын мойындағанын" және жеті жылға дейін сотталуы мүмкін екенін хабарлаған. Түркіменстанда насыбайға тыйым салынғанымен, әдетте жиі тұтынылады және бұған дейін ол бойынша тұтқындау болған емес.

Соңғы бірнеше ай ішінде Азаттықтың Түркіменстандағы бірнеше тілшісіне белгісіз адамдар шабуыл жасап, қоқан-лоқы көрсеткен. Былтыр Азаттықпен әріптес журналист Сапармамед Непескулиев үш жылға сотталған.

"Соңғы екі жылда Азаттық тілшілерін мейлі ол бопсалау, тұтқындау, қамау, я азаптау түрінде болсын қудалау - мүлдем қабылдауға болмайтын саясат" деді Бисваль 8 желтоқсанда берген сұхбатында.

Аллашов қамалған соң 5 желтоқсанда "Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакомпаниясының президенті Том Кент "Бұл шабуылдарды Түркімен қызметіміздің үнін шығармау үшін қасақана ұйымдастырылған науқандар деп білеміз" деп мәлімдеген.

Құқық қорғаушы ұйымдар табиғи газға бай постсоветтік Түркіменстанды сөз бостандығы мен пікір алуандығын қатты шектейді деп сынап келеді.

XS
SM
MD
LG