Accessibility links

Қырғызстанда бүгін референдум және жергілікті кеңеш сайлауы өтіп жатыр


Оштағы сайлау учаскелерінің бірінің ашылуы кезінде әнұран айтып тұрған адамдар. Қырғызстан, 11 желтоқсан 2016 жыл.
Оштағы сайлау учаскелерінің бірінің ашылуы кезінде әнұран айтып тұрған адамдар. Қырғызстан, 11 желтоқсан 2016 жыл.

Қырғызстанда бүгін, желтоқсанның 11-і күні, конституцияға өзгертулер енгізу жөнінде референдум және жергілікті кеңеш депутаттары сайлауына дауыс беріп жатыр.

Елдегі екі мыңнан астам сайлау учаскесінде дауыс беру жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8-де басталды.

Ел азаматтары референдумде Қырғызстан конституциясына енгізуге ұсынылған 26 өзгеріске қатысты өз шешімін білдіріп, «иә» немесе «жоқ» деп жауап береді. Шілде айында ел парламенті референдумге шығаруды ұйғарған бұл өзгертулер қоғамда даулы тақырыпқа айналған.

Өзгертулер премьер-министрдің құзыретін кеңейтуге бағытталған. Мысалы, үкімет жетекшісіне министрлік басшыларын президент пен жергілікті кеңештердің мақұлдауынсыз жеке өзі тағайындайтындай өкілеттік беру көзделген.

Негізгі заңға өзгерту енгізуді қолдайтындар оны қолданыстағы конституцияны жетілдіру қажеттігімен түсіндіреді. Қарсы тарап осы өзгертулер енгізу арқылы қазіргі президент Алмазбек Атамбаев 2017 жылы қызмет өкілеті аяқталғаннан кейін үкімет басына келіп, күшейтілген билікке ие болу үшін осындай амалға барып отыр деп санайды.

Қырғызстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі кезеңде ел конституциясы бірнеше рет өзгертілген. Қолданыстағы конституция 2010 жылы бұрынғы президент Құрманбек Бакиев биліктен қуылған соң қабылданған.

Сонымен бірге бұл жолы 22 қалалық және 389 ауылдық кеңеш депутаттары сайланады.

Дауыс беру бүгін кешкі сағат 8-ге дейін жалғасады.

XS
SM
MD
LG