Accessibility links

Румыния сайлауында социал-демократтар жеңді


Ливиу Драгня, Румынияның Социал-демократиялық партиясының жетекшісі.
Ливиу Драгня, Румынияның Социал-демократиялық партиясының жетекшісі.

Румыниядағы парламент сайлауында бір жыл бұрын биліктен кетуге мәжбүр болған социал-демократтар жеңіске жетті.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, берілген дауыстың 99 пайызын санағандағы нәтиже бойынша Социал-демократиялық партия 46 пайыз дауыс, оңшыл Ұлттық либералдық партия 20 пайыз дауыс жинаған. Жаңа құрылған партия - Румынияны құтқару одағы партиясы сайлауда парламентке өтуге қажетті дауыс жинап, үшінші орын алды.

Социал-демократиялық партия жетекшісі Ливиу Драгня сайлау нәтижесі өзіне "көп міндет жүктейтінін" және "сайлауда кім жеңгеніне күмән келтірмеуі тиіс екенін" мәлімдеді.

Социал-демократ Виктор Понтаның үкіметі өткен жылы Бухаресте 64 адамның өмірін қиып, соңы үкіметке қарсы акцияларға ұласқан түнгі клубтағы өрттен соң отставкаға кеткен. Содан бері үкімет басшысы міндетін Еуропа комиссиясының бұрынғы мүшесі Дачиан Чолош уақытша атқарды.

"Бүгінгі күннің ең маңызды нәрсесі - қандай саяси көзқарасты ұстанғанына қарамастан барынша көп адамның сайлауда дауыс бергені" деді Ливиу Драгня.

Социал-демократтар "Либералдар мен демократтар альянсымен" коалиция үкіметін құрып, партия басшысы Ливиу Драгняны премьерлікке ұсынатынын мәлімдеді. Бірақ оның үстінен сайлау кезінде алаяқтық жасады деген күдікпен тергеу жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Румыния президенті Клаус Йоханнис заң бұзған адамды үкімет басшысы етіп тағайындамайтынын мәлімдеген. 19 миллион халқы бар Румыния Еуропа Одағының ең кедей және коррупцияға әбден батқан елдерінің бірі саналады.

XS
SM
MD
LG