Accessibility links

Оралда белсендіге "президентке тіл тигізбеуді" ескертті


Оралдық белсенді Исатай Өтепов жер реформасына қатысты наразылық акциясын өткізіп тұр. Орал, 24 сәуір 2016 жыл.
Оралдық белсенді Исатай Өтепов жер реформасына қатысты наразылық акциясын өткізіп тұр. Орал, 24 сәуір 2016 жыл.

Оралда азаматтық белсенді Исатай Өтеповке прокуратура Қазақстан президентіне жария түрде тіл тигізудің және рұқсат етілмеген наразылық акциясын өткізудің заңдық тұрғыдан жауапкершілігі барын ескертті. Бұл туралы Азаттыққа Өтеповтің өзі хабарлады.

Орал қалалық прокурорының міндетін атқарушы Қанат Молдаштың қолы қойылған жазбаша ескертуде белсендінің "Facebook желісіне Қазақстанның тұңғыш президенті әрі Елбасының жеке басына жария түрде тіл тигізетін ақпарат жариялағаны" айтылады. Хатта сонымен қатар конституциялық заң бойынша, тұңғыш президенттің абыройы мен қадыр-қасиетіне қол сұғуға болмайтыны, ондай жағдайда заңмен қудаланатыны ескертіледі. Белсендіні бұған қоса көпшілік қатысатын акция өткізу үшін жергілікті биліктен рұқсат алу керегін ескерткен.

Биыл көктемде Исатай Өтеповке Оралдың орталығында наразылық акциясын өткізгені үшін 42 мың 420 теңге айыппұл салған. Белсенді қолына "Қытайға жер сатпа!!!" деп жазылған плакат ұстап шыққан. Кейін, 19 мамыр - жер реформасына қарсы митингілер өтердің қарсаңында оны 15 тәулікке қамаған.

21 мамырда Алматы мен бірнеше қалада жер кодексіне ауыл шаруашылық жерлерін жекешелендіріп, шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру жөніндегі өзгерістер енгізуге қарсы демонстрациялар қткен.

Қарсылық шараларынан соң жер реформасын жүргізу 5 жылға кейінге қалдырылды.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG