Accessibility links

Астанада прокуратурада өз-өзін өртеген әйел қайтыс болды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Астанада өз-өзін өртеген әйел Майра Рысманова ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Азаттыққа марқұмның қызы Ақмарал Ахметова хабарлады. Бірақ ол анасының нақты қашан қайтыс болғанын айтпады. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, Рысманова бүгін таңертең қайтыс болған.

Жамбыл облысы Шу қаласының тұрғыны, 48 жастағы Майра Рысманова 6 желтоқсан күні сағат түс кезінде Астанадағы бас прокуратураның тексеру-өткізу пунктінде денесіне бензин шашып, өз-өзіне от қойған. Өртті сөндірген прокуратура қызметкерлері жедел жәрдем шақырған. Денесін күйік шалған әйел Астанадағы 1-ауруханаға жеткізілген.

Бұған дейін аурухананың комбустиология бөлімшесінің жетекшісі Павел Кутняков Рысманованың денесінің 60 пайызын күйік шалғанын, жағдайы ауыр екенін хабарлаған.

Майра Рысманова бас прокуратураға баласына шыққан сот үкіміне наразылығын айтуға барған. Кейін бас прокурор Жақып Асанов наразы әйелдің мәселесімен жеке өзі айналысатынын айтқан.

XS
SM
MD
LG