Accessibility links

Бас прокуратура өзін өртеген әйелдің ұлының ісін қарады


Өзін өртеп мерт болған Майра Рысманованың қызы Ақмарал Ахметова (сол жақта) бас прокуратура алдында жылап тұр. Астана, 14 желтоқсан 2016 жыл.
Өзін өртеп мерт болған Майра Рысманованың қызы Ақмарал Ахметова (сол жақта) бас прокуратура алдында жылап тұр. Астана, 14 желтоқсан 2016 жыл.

Қазақстан бас прокуратурасының өкілі осыдан бір апта бұрын Астанада бас прокуратура ғимаратында өзін өртеп, салдарынан өткен түні ауруханада қайтыс болған әйелдің ұлына шығарылған сот үкіміне прокуратура қарсылығы туралы құжат жобасы дайындалғанын хабарлады. Бұл туралы бүгін журналистерге бас прокуратураның 10-департаментінің бастығы Ержан Ералиев мәлімдеді. Оның сөзінше, прокуратура істі қарап, қарсылық жобасын басшылыққа бекітуге ұсынған.

Желтоқсанның 6-сы күні Астанадағы бас прокуратураның кіре берісіндегі жерде өзін өртеп, денесі қатты күйіп қалған Жамбыл облысы Шу қаласының 48 жастағы тұрғыны Майра Рысманова ауруханаға жеткізілген еді. Прокуратура Рысманова 28 жастағы ұлына шығарылған сот үкіміне келіспей, наразылық ретінде осындай қадамға барған деп мәлімдеген.

Ержан Ералиевтің айтуынша, Майра Рысманованың шағымында ұлы Ербол Ахметовті ұрып-соққан деген айып тағылған Жамбыл облысы Шу аудандық ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі Ерлан Жейдешовті жазалау туралы талап айтылған. Өткен айда Тараз қалалық соты Жейдешовті "қызмет өкілетін асырған" деген бап бойынша соттап, үш жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Сот үкімі әлі заңды күшіне енбеген.

Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрділда Ораз Ербол Ахметовтің ісі Ерлан Жейдешовтің ісі бойынша апелляциялық сот шешімінен соң қайта қаралуы мүмкін екенін айтқан. Бас прокуратура өкілдері бүгін журналистермен әңгімелесуге шыққан кезде марқұм Майра Рысманованың сіңлісі Дания Рысманова Қазақстан бас прокуроры Жақып Асановтың қабылдауында отырған еді.

Бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс апелляциялық сотта желтоқсанның 20-сы күні қаралмақ. Жейдешовпен бірге Шу аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары да сотталған. Тараз қалалық 2-соты оған бас бостандығын бір жарым жылға шектеу жазасын тағайындаған.

XS
SM
MD
LG