Accessibility links

Ғалымдар "Желтоқсан" мәртебесі туралы ұсыныс қылмақ


Желтоқсан көтерілісі туралы баспасөз конференциясында сөйлеген ғалымдар Мәмбет Қойгелді (ортада) және Сабыр Қасымов (оң жақта). Алматы, 15 желтоқсан 2016 жыл.
Желтоқсан көтерілісі туралы баспасөз конференциясында сөйлеген ғалымдар Мәмбет Қойгелді (ортада) және Сабыр Қасымов (оң жақта). Алматы, 15 желтоқсан 2016 жыл.

Алматыда бүгін тарихшы ғалымдар 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысты үкімет пен парламентке бірнеше ұсыныс білдіретін қарар қабылдады деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюрода өткен жиында тарихшылар қазанның 25-і күні Астанада "Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы" деп аталатын халықаралық конференция өткенін, оның қорытындысы бойынша қарар қабылданғанын айтты.

Жиында тарихшы Мәмбет Қойгелді ғылыми конференцияда он шақты мемлекеттен жиналған ғалымдар, тарихшылар 1986 жылы 17-19 желтоқсандағы көпшіліктің жария түрде саяси бой көрсетуі "қазақ халқының көтерілісі" болғанын, оған қатысқандардың "Қазақстанның егемендігі мен еркіндігі үшін күрескенін" ғылыми түрде, халықаралық талаптар бойынша негіздегенін айтты.

Мәмбет Қойгелді мен заңгер, саясаттанушы Сабыр Қасымов жиында қарарда 17-19 желтоқсанда болған оқиғаларды Желтоқсан көтерілісі деп тану туралы тұжырым барын айтты. Қарарда "Желтоқсан көтерілісі - ұлт-азаттық, демократиялық күштердің жандануына ықпал етіп, Кеңес одағының ыдырауына және Қазақстан тәуелсіздігін қалпына келтіруге алып келген тарихи маңызды көтеріліс" деген тезисті қоғамдық және ғылыми айналымға енгізу ұсынысы да бар.

Тарихшылар сонымен қатар билік пен парламентке "Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың мәртебесі және биліктің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен барлық құрбандарды ақтау туралы" заң қабылдауды да ұсынбақ.

Ғалымдар бұған қоса Желтоқсан көтерілісі мен оның қатысушыларды, құрбандарын есте қалдыру, ұлықтау шараларын жасау, мектеп пен оқу орындарының оқулықтарына осы көтеріліс туралы жеке бөлім арнауды да ұсынбақшы.

XS
SM
MD
LG