Accessibility links

Ақтөбеде "мұнай ұрлау" ісімен Беларусь азаматы қамалды


"Арнайы операция өтіп жатыр" делінген мұнай өңдеу зауытына кіреберісте тұрған қарулы жасақ. Ақтөбе, 7 желтоқсан 2016 жыл.
"Арнайы операция өтіп жатыр" делінген мұнай өңдеу зауытына кіреберісте тұрған қарулы жасақ. Ақтөбе, 7 желтоқсан 2016 жыл.

Ақтөбе соты "мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысты" деген күдікке ілінген топ құрамында ұсталған Беларусь елінің азаматы 43 жастағы Сергей Кунцевичті екі айға қамау туралы шешім шығарған. Сот санкцияны желтоқсанның 14-і күні берген деп хабарлады Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Тергеу орындары Сергей Кунцевичке "Ақтөбе мен Атырау облысының кеніштерінен ұрланған мұнайды Ақтөбедегі зауытқа құжатсыз өткізген" деген айып тағып отыр.

Сот ақпараты бойынша, қазақстандық күш құрылымдары желтоқсанның 10-ы күні ұстаған Сергей Кунцевич өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтқан.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) желтоқсанның 7-сі күні таратқан ақпаратта комитет қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және тағы кей аймақта "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікке ілінген топтың жолын кесу операциясын жүргізгені айтылған. Операция барысында күдіктілерден өзге мұнай мен мұнай өнімдері бар автоцистерналар да тәркіленген.

ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.

XS
SM
MD
LG