Accessibility links

Астанада алғашқы дрон ұшқыштарының сайысы өтті


Жарысқа дайындалып жатқан дрон ұшқыштары. Астана, 16 желтоқсан 2016 жыл.
Жарысқа дайындалып жатқан дрон ұшқыштары. Астана, 16 желтоқсан 2016 жыл.

Астанадағы «Барыс арена» мұз айдынында Қазақстанда алғашқы рет республикалық дрон ұшқыштарының сайысы өтті. Елдің жеті аймағынан келген 50-ге тарта жас квадрокоптерлерді қашықтықтан басқарып, ұлттық нақышта жасалған бөгеттерден өтіп жарысты.

«Drone Racing Kazakhstan» деп аталған доданы әскери техника жасайтын «Kazakhstan Engineering» Ұлттық компаниясы қаржыландырды.

- Бұл спорт түрін насихаттау халық шаруашылығына да пайдалы. Келешекте ұшқыштар (дрон ұшқыштары - ред.) барлық салаларда қызмет етеді. Ұшқышсыз аппараттар қызметі кеңейе береді. Сонымен бірге, әскерімізге де қажет. Қазірдің өзінде мұндай құрылғылар әскерімізде қолданылып жатыр. Дрондардан хабары бар әскерге шақырылған жастар мұндай техниканы одан әрі меңгеріп, отанына қызмет етеді, - дейді «Kazakhstan Engineering» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ерлан Ыдырысов.

Дрондар пилоттарының сайысында үшінші орынды (жүлдесі 300 мың теңге) Ербол Төлеубаев пен Данила Дроздов, екінші орынды (жүлдесі 500 мың теңге) Дәурен Төлеу және бірінші орынды (жүлдесі 1 миллион теңге) Андрей Манько ұтып алды. «Drone Racing Kazakhstan» жарысында жүлделі орындар алған жастар халықаралық дрондар жарыстарына қатысатын Қазақстан құрамасына енуге мүмкіндік алды.

XS
SM
MD
LG