Accessibility links

Желтоқсан оқиғасына бүгін 30 жыл толды


Брежнев атындағы алаңға жиналған жастар. Алматы, 17 желтоқсан 1986 жыл. (Мемлекеттік орталық мұрағаттан алынған фотокөшірме.)

Бүгін 1986 жылы Қазақстан басшылығына сырттан әкелінген адамды тағайындаған Мәскеудің шешіміне қарсылық білдіріп қазақ жастарының Алматының орталық алаңына шыққанына 30 жыл толды.

1986 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақ ССР коммунистік партиясы орталық комитеті басшылығынан Дінмұхаммед Қонаев алынып, орнына Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген Геннадий Колбин тағайындалған. Бұл шешімге наразылық білдірген студент және жұмысшы қазақ жастары желтоқсанның 17-і күні таңертең Алматыдағы Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) шыққан. Олар биліктен басшыны жергілікті халықтың пікірін ескеріп тағайындауды талап еткен.

Қазақстанның жаңа тарихына"Желтоқсан оқиғасы" деген атаумен енген қазақ жастарының наразылық шеруін совет билігі күшпен басып-жаныштады. Көптеген адам оқудан шығарылып, жұмыстан қуылды. 99 адам әртүрлі мерзімге сотталды, екі адам ату жазасына кесілді. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған соң Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың барлығы ақталды.

Желтоқсан оқиғасымен бірге бұл күндері Қазақстанда осыдан бес жыл бұрын Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында мұнайшылар ереуілі кезінде полицияның оғынан қаза тапқан құрбандарды еске алып жатыр. Ресми ақпарат бойынша, Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанның 16-сында 16 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Сол күннің ертесінде Жаңаөзенге жақын Шетпе кентінде бір адам полиция оғына ұшқан.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG