Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Тас-Көмір қаласы маңындағы Северное кентіндегі көмір өндіретін шахтадан бүгін құтқарушылар кеше болған апат салдарынан кен қабаты астында қалып қойған төртінші адамды алып шыққан. Құтқарылған кенші ауруханаға жеткізілген деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Жұма күні Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі аталған шахтада кен қабаты құлап, төрт адамды басып қалғаны туралы хабарлаған. Құтқарушылар сол күні шахтадан бір адамды аман-есен алып шыққан, екі адамның жансыз денесі табылған. Төртінші кенші кен қабатының астынан шыға алмай қалған еді.