Accessibility links

МАГАТЭ: Иран ядролық келісім шартын орындап отыр


Халықаралық Атом энергетикасы агенттігі (МАГАТЭ) бас директоры Юкия Амано. Астана, 27 тамыз 2015 жыл.
Халықаралық Атом энергетикасы агенттігі (МАГАТЭ) бас директоры Юкия Амано. Астана, 27 тамыз 2015 жыл.

Иран билігі әлемдік державалармен жасасқан ядролық келісімдегі міндеттемелерін орындап отыр. Бұл туралы бүгін халықаралық Атом энергетикасы агенттігі (МАГАТЭ) бас директоры Юкия Амано мәлімдеді. Бұған дейін Тегеран 2015 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты бес мүшесі және Германияның қатысуымен жасасқан келісімді АҚШ бұзуы мүмкін деп қауіп білдірген.

Тегеранда журналистер алдында сөйлеген Амано келісімнің орындалу барысына МАГАТЭ ұйымының көңілі толатынын және бұл процесс жалғасын табады деп үміттенетінін мәлімдеген. Ол Иран әлемдік державалармен жасасқан келісімді орындауға бейіл деп айтқан. Тегеранға сапарында Амано Иранның мемлекеттік атом энергиясы қызметінің басшысы Әли Акбар Салехимен кездескен деп хабарлайды Reuters.

2015 жылы АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Германиямен жасасқан келісімі бойынша Тегеран ядролық отын өндіру жөніндегі жұмысын тоқтатуға міндеттеме алған, оның қарымтасы ретінде Иранға салынған халықаралық экономикалық санкциялар жеңілдетілетін болған. Бірақ, жақында АҚШ Иранға салған санкцияның мерзімін тағы он жылға созу туралы шешім қабылдағаннан кейін Тегеран ғалымдарына теңізде жүзетін кемелерге арналған ядролық энергетикалық қондырғылар әзірлеуге кірісу туралы пәрмен берген. Бұл АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың Тегеранмен әлемдік державалар жасасқан келісімнен шыққысы келетіні туралы мәлімдемесі салқынын тигізген АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынасты одан әрмен күрделендіріп жіберуі мүмкін деп жазады Reuters.

Желтоқсанның 17-сі күні Иран МАГАТЭ ұйымына 2015 жылғы келісімнің орындалуын бақылайтын комиссиямен кездесу өткізуді сұрап өтініш жасаған. Бұл комиссияға келісімге қол қойған мемлекеттердің өкілдері кіреді.

XS
SM
MD
LG