Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресейдің Анкарадағы елшісі Андрей Карловқа қастандық жасалғанына қарамастан бүгін Түркия және Иран сыртқы істер министрлерімен Сирия дағдарысын талқылайтынын мәлімдеді.
19 желтоқсанда Анкарада Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловты фотокөрмеде сөйлеп тұрғанында ер адам тапаншамен атып өлтірген. Қастандық жасаған адам кейін полициямен атыста оққа ұшқан.
"Тағылық қылмысты ұйымдастырғандардың Ресей-Түркия қарым-қатынасының қалпына келуіне кедергі келтірмек болғанына сенімдіміз" деді Лавров.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин қастандықты "Ресей-Түркия байланысын үзуді және Сириядағы бейбіт процеске кедергі келтіруді көздейтін арандату" деп атаған.
Түркия билігінің хабарлауынша, оқ атқан адам - арнайы мақсаттағы 22 жастағы полицей қызметкері, 22 жастағы Мевлют Мерт Алтынташ деген жігіт болған. Полиция қастандыққа қатысты Алтынташпен байланысы бар деген күдікпен төрт адамды ұстады.
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун және БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі елшіге қастандықты теракт деп бағалады.
Түркия билігінің кейбір өкілдері қастандыққа АҚШ-та тұратын дін қайраткері Фетхулла Гүленді айыптады. Гүлен бұған дейін жазда іске аспай қалған мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетін ұйымдастырды деп те айыпталған. Бірақ Гүлен ол бүлікке қатысы барын жоққа шығарған.
Түркия қастандықты тергеуді Ресеймен бірге жүргізетінін мәлімдеді.