Сот қазақстандық белгілі тележүргізуші, продюсер Баян Есентаеваның бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаевтың үкімін өзгертпеді. Өткен айда Талдықорған қалалық соты Бақытбек Есенбаевты жұбайын өлтіруге оқталды деп айыптап, тоғыз жылға соттаған. Ал "сексуалдық сипаттағы зорлық әрекетін жасау" және "зорлау" баптары бойынша сотталушы тараптар өзара ымыраласқандықтан ақталған. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы сот үкімін өзгертпеуге шешім қабылдаған.
Бақытбек Есентаев биыл маусымда - Баян Есентаева денесіне түскен пышақ жарақаттарымен Талғар аудандық ауруханасына түскен соң ұсталған. Оны ауруханадан 10 күннен соң шығарған. Тергеушілер Бақытбек Есентаев жұбайына "қызғаныштан қол жұмсаған" дейді. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін талқылауға ұласқан.
Бұған дейін соңғы кезде ақпарат құралдары тегін Баян Мақсатқызы деп өзгертті деген Баян Есентаева сотта күйеуін кешіретінін мәлімдеп, судьядан бас бостандығымен байланысты емес жаза кесуді сұраған.
Мемлекеттік айыптаушы Есентаевты 15 жылға соттауды сұраған. Бұл іс бойынша сотты алқа билер жабық түрде қараған.