Accessibility links

Ақтөбеде шабуылға қатысты әскерилер үстінен сот басталды


Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімінің қызметкерлері үстінен өтіп жатқан Ақтөбе әскери гарнизоны сотының дәлізі. 21 желтоқсан 2016 жыл.

Бүгін Ақтөбе гарнизонының әскери сотында маусым айындағы қарулы шабуылға қатысты Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөлімінің екі әскери қызметкерінің үстінен сот басталды. Сот ашық өтіп жатыр.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, әскери бөлім майорлары - Қайырғали Оразжанов пен Қайнарбек Тастамбековке "қарулы шабуыл кезінде әскери жарғыны бұзды, қызметіне немқұрайды қарады" деген айып тағылған. Істі судья Бекболат Тәжімұқан қарап жатыр.

Тергеу мәліметтеріне қарағанда, күдікті Тастамбеков шабуыл жасалған 5 маусым күні бөлімде кезекші, ал Оразжанов кезекшінің көмекшісі болған. Мемлекеттік айыптаушы Төрәлі Бәкіровтің сөзінше, күдікті әскерилер шабуыл жасалған кезде жарғы бойынша қару қолданулары тиіс еді. "Олар 17 адам әскери бөлімге қарулы шабуыл жасағанда керісінше, өз өмірлеріне алаңдап, жарғыны бұзған. Штабқа хабар бермеген. Майор Тастамбеков штабтың әжетханасына тығылып, кейін дәретхананың терезесінен қашып шығып кеткен. Олар қызметтеріне немқұрайды қараған. Осының салдарынан әріптестері, қатардағы жауынгер Сапар Досбол, майор Даниэль Майлыбаев оққа ұшты" деді мемлекеттік айыптаушы.

Сотта куә ретінде сөйлеген қатардағы жауынгер Рамазан Мұсабаев сол күні қарауылда болғанын, шабуыл жасалғанда майор Қайнарбек Тастамбековтің "қатардағы жауынгерлерге ешқандай бұйрық бермей, әжетханаға қашып барғанын", "үш жауынгер де оның артынан ергенін" айтты. Куәнің сөзіне қарағанда, олар әжетханаға барғанда Тастанбеков өздерін тастап сыртқа қашып шыққан.

Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 30 шақты адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде "діни радикал", "қарулы шабуылшы" деп сипатталған 18 адамның көзі жойылып, 29 адам ұсталған. Қарашаның 29-ы күні Ақтөбе облыстық соты шабуылға қатысты 29 адамды түрлі мерзімге соттаған.

XS
SM
MD
LG