Accessibility links

Қазақстан журналистер одағы бірқатар БАҚ өкілдерін марапаттады


Қазақстан журналистер одағы төрағасының міндетін атқарушы Тамара Калеева (сол жақта) журналист Гүлжан Ерғалиеваны марапаттап тұр. Алматы, 22 желтоқсан 2016 жыл.
Қазақстан журналистер одағы төрағасының міндетін атқарушы Тамара Калеева (сол жақта) журналист Гүлжан Ерғалиеваны марапаттап тұр. Алматы, 22 желтоқсан 2016 жыл.

Қазақстан журналистер одағы бүгін журналистика саласы мен Қазақстандағы сөз бостандығына үлес қосып жүр деген бірнеше журналист, құқық қорғаушыны марапаттады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Қазақстан журналистер одағының алтын медалімен Ұлттық баспасөз клубы президентінің бұрынғы орынбасары, марқұм Александр Кимасов "азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосқаны" үшін марапатталды. Сонымен қатар осындай алтын медальдар "ДАТ" медиажобасының жетекшісі Ермұрат Бәпиге, "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, журналистер Гүлжан Ерғалиева, Сергей Дуванов, құқық қорғаушы Евгений Жовтис, ресейлік экономист Хазин Михаилге берілді.

Оралдық журналист Ибрагим Жүсіпқалиевке 60 жасқа толуына орай "Құрметті журналист" атағы берілді.

Бұған қоса журналистикадағы белсенді азаматтық ұстанымы үшін журналист Мадина Әлімханова, өзекті қоғамдық, саяси және экономикалық тақырыптардағы видео сұхбаттары үшін Лилия Игілікова, Қазақстандағы блог жазу саласының дамуына қосқан үлесі үшін Ботагөз Көпбаева құрмет грамоталарымен марапатталды.

Наградаларды Қазақстан журналистер одағының төрағасы міндетін уақытша атқарушы Тамара Калеева табыстады. Ол марапаттың кімдерге берілетіні одақтың қамаудағы төрағасы Сейітқазы Матаевпен келісілгенін, оған қоғамдық жұмыспен айналысуына тыйым салынбағанын айтты.

Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі, Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев қазанның 3-і күні Астананың Есіл аудандық соты шығарған үкім бойынша "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен алты жылға сотталған. Оның ұлы, ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға сотталған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды.

XS
SM
MD
LG