Accessibility links

Шымкентте өзін өртеген тұрғынның ісі тексеріле бастады


Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы ғимараты алдындағы Нұркен Айнабеков өзін өзі өртеген маң. Шымкент, 22 желтоқсан 2016 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы ғимараты алдындағы Нұркен Айнабеков өзін өзі өртеген маң. Шымкент, 22 желтоқсан 2016 жыл.

Шымкентте бүгін облыстық прокуратураның алдында өзін өзі өртеген 46 жастағы тұрғын Нұркен Айнабеков өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша полицияның әрекетіне наразылық білдірген деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.

"Оның үстінен қылмыстық кодекстің төрт бабы бойынша (алаяқтық, құжаттарды қолдан жасау, жала жабу, сөз тасу, т.б.) іс қозғалған" дейді прокуратура.

Облыстық ішкі істер департаменті дерегінше, денесінің 40 пайызы өртеніп, ауруханаға түскен азаматтың оқиғасы "өзін өзі өлтіруге жеткізу" бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тексеру басталған. Департамент бұған дейін бұл азаматқа тағылған "алаяқтық" айыбын растап, істі Әл-Фараби аудандық прокуратурасына жолдағанын, аудандық прокуратура оны биыл 16 қарашада сотқа жібергенін айтады.

Нұркен Айнабеков кеше Шымкентте брифинг өткізіп, жеке құрылыс фирмасы қалада әлеуметтік нысанды салғанын, бірақ жергілікті биліктен тиісті қаржысын ала алмай отырғанын айтып шағымданған. Айнабековтің зайыбы да күйеуінің құрылыс фирмасы "мемлекеттік тапсырыс бойынша "Қайтпас" шағын ауданындағы аурухананы салғанын, оның қаржысын әлі күнге дейін ала алмай жүргенін" айтты. Ол азаматтың сөзіне қарағанда, Айнабеков қаржысын даулап, қаржы полициясы мен ішкі істер департаментіне шағымданғанымен нәтиже болмаған.

XS
SM
MD
LG