Сирияның Алеппо қаласы маңындағы көтерілісшілер қолында қалып отырған бірнеше ауданға әуе шабуылы қайта жалғасты.
Сириялық адам құқығын бақылау жөніндегі орталықтың хабарлауынша, Алеппоның батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстігіне жапсарлас аудандарға әуеден соққы берілген. Құқық қорғаушылар бірнеше адамның қаза тапқаны туралы хабарлаған.
Бұған дейін жұма күні Сирияның үкімет әскері Алеппо қаласына толық бақылау орнатқаны туралы мәлімдеген. Соның алдында қаланың шығыс аудандарынан бейбіт тұрғындар эвакуацияланып, қарулы оппозиция күштері шығып кеткен. Үкімет армиясы мен көтерілісшілер арасында Алеппо үшін шайқас төрт жылдан астам уақытқа жалғасқан.
Желтоқсанның 23-і күні Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Алеппоға ресейлік әскери полиция батальоны енгізілгені туралы хабарлаған.