Accessibility links

Антикоррупция қызметі: Radiotochka.kz редакторы - Ғабдуллин ісінде куәгер


Бекжан Ыдырысов, Radiotochka.kz сайтының бас редакторы.
Бекжан Ыдырысов, Radiotochka.kz сайтының бас редакторы.

Қазақстандық Radiotochka.kz сайтының бас редакторы, елден кетіп қалған Бекжан Ыдырысов осы сайттың директоры Бигелді Ғабдуллинге қарсы іске куәгер ретінде тартылған. Бұл туралы бүгін мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Алик Шпекбаевқа сілтеме жасаған жергілікті агенттіктер хабарлады.

Ыдырысов кеше Facebook-тегі парақшасында антикоррупция қызметінің қысымына байланысты Қазақстаннан кетіп қалғанын мәлімдеген. Ыдырысов өз постында антикоррупция қызметінің тергеушілері Бигелді Ғабдуллинге қарсы куәлік етуді талап етіп, қысым жасағанын жазған. Оның айтуынша, тергеушілер "Ғабдуллин ісіне қатысты ашық пікір айтуды тоқтату керектігін ескерткен".

Шпекбаевтың айтуына қарағанда, Ыдырысов Ғабдуллин ісінде куәгер ретінде екі рет шақырылған және оған қатысты ешқандай процесуалдық шешім шыққан жоқ. "Оған шекара қызметінде де шектеу салынған жоқ. Ол елден еркін шығып кетті. Одан жауап алдық, сол жеткілікті" деген Шпекбаев.

Ыдырысов Азаттыққа жеке басының қауіпсіздігіне байланысты қай елге кеткенін құпия сақтайтынын, елден үш апта бұрын кеткенін, отбасы 25 желтоқсанда жанына келгенін айтқан.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 61 жастағы Ғабдуллиннің ұсталғаны туралы 15 қарашада хабарлаған. Қазір ол қамауда отыр. Бюро ақпаратына қарағанда, Ғабдуллин өзіне қарасты БАҚ-ты пайдаланып, мемлекеттік органдардың басшыларына олардың "іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдар жариялау жолымен" ақпараттық шабуыл жасаған. Кейін ол лауазымды тұлғалардан "сыни жарияланымдарды тоқтату үшін өз ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыстарды бопсалаған".

XS
SM
MD
LG