Бразилиядағы Грекия елшісін Рио-де-Жанейро қаласында пышақтап өлтіргенін оның әйелінің көңілдесі болған бразилиялық полиция қызметкері мойындаған. Бұл туралы Рио-де-Жанейродағы баспасөз мәслихатында тергеушілер мәлімдеген. Қазір күдікті, елшінің әйелі және қаза тапқан дипломаттың денесін басқа жерге апаруға жәрдемдескен күдіктінің туысы қамауда отыр деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Бұған дейін бразилиялық полиция қызметкерлері автокөліктің ішінен өртенген адам сүйегін тауып алған еді. Содан бірнеше күн бұрын Бразилиядағы Грекия елшісінің әйелі күйеуі жоғалып кеткені туралы мәлімдеген. Полицияның дерегі бойынша, грек дипломаты бірнеше күн бұрын жалға автокөлік алғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен. Соңғы рет 59 жастағы Кириакос Амиридисті желтоқсанның 26-сы күні көрген.
Бразилиялық Globo телеарнасының хабарлауынша, ешкім дипломаттың отбасынан ақша талап етіп хабарласпағандықтан тергеушілер оны әлдекімдер ұрлап кеткен болуы мүмкін деуге негіз жоқ деп санаған.
Кириакос Амиридис биылғы қаңтардан бастап Бразилия астанасы Бразилиа қаласындағы Грекия дипломатиялық өкілдігін басқарған. Рио-де-Жанейро қаласына рождество мерекесі мен жаңа жылдық демалысқа барғанда қазаға ұшыраған.