Accessibility links

Астана Стамбулдағы шабуылды айыптады


Қарулы шабуыл жасалған Reina клубы маңында тұрған түркиялық полиция қызметкерлері. Стамбул, 1 қаңтар 2017 жыл.
Қарулы шабуыл жасалған Reina клубы маңында тұрған түркиялық полиция қызметкерлері. Стамбул, 1 қаңтар 2017 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі бүгін Түркияның Стамбул қаласында көп адамның өмірін қиған шабуылды айыптап мәлімдеме таратты.

«2017 жылдың 1 қаңтарында Стамбул қаласында ондаған адамның қазасына себеп болған террористтік актіні қатаң түрде айыптаймыз. Осы қатыгез қылмыс арқылы терроризмнің кезекті әрекетінің куәсі болып отырмыз, оның ұйымдастырушылары мен демеушілері міндетті түрде анықталып, тиісті жазаға тартылатындарына сенімдіміз» делінген мәлімдемеде.

СІМ Стамбулдағы шабуыл салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына қайғысына ортақтасып көңіл айтқан. жарақат алғандарға тезірек жазылуға тілектес екенін білдірген.

Министрліктің арнайы өкілі Әнуар Жайнақов қазақстандық дипломаттар Стамбулдағы шабуыл салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар арасында қазақстандықтардың бар-жоғын анықтап жатқанын, әзірше ондай ақпарат түспегенін айтты деп хабарлады Tengrinews сайты.

Қаңтардың 1-і күні түнде Стамбулдағы Reina клубына жасалған қарулы шабуылдан кемінде 39 адам қаза тауып, 40-қа жуық адам жараланған. Түркия ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу мерт болғандар арасында 16 шетел азаматы бар деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG