Accessibility links

Шахандағы апаттан 9 адам мерт болған


Туыстары қаза тапқан Алексей Алексеенко мерт болған адамдардың суретін көрсетіп тұр. Шахан, 2 қаңтар 2017 жыл.
Туыстары қаза тапқан Алексей Алексеенко мерт болған адамдардың суретін көрсетіп тұр. Шахан, 2 қаңтар 2017 жыл.

Қарағанды облысындағы бес қабатты тұрғын үйдің подъезі құлаған Шахан кентінде іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Жергілікті билік қаза болғандардың нақты саны тоғыз адам екенін хабарлады.

Шахан кентіндегі бес қабатты үйдің тұтас бір подъезі құлауына байланысты «Адам өліміне ұласқан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қоғалған. Ал көрші Шахтинск қаласында зардап шеккендерге арналған көмек жинау мәселесімен айналысып жатыр.

Қаңтардың 1-і күні шамамен түнгі сағат он жарымда болған, арасында үш кішкентай бала бар тоғыз адамның қазасына ұласқан төтенше жағдайдың нақты себебі әлі анықталған жоқ. Мұнымен республикалық деңгейде құрылған комиссия айналысып жатыр.

Құлаған үй маңындағы құтқарушылар. Шахан, 2 қаңтар 2017 жыл.
Құлаған үй маңындағы құтқарушылар. Шахан, 2 қаңтар 2017 жыл.

ҚАҢТАРДЫҢ 1-ІНДЕГІ АПАТ

Подъезд құлаған 60 пәтерлік 4-үйде 118 адам тұрған. Үй 1987 жылы салынған. Құлаған 10 пәтері бар подъезде 20-дан аса адам тұрған.

Алдын ала болжамға сәйкес, жазатайым оқиға жылу жүйесі қазандығының жарылу салдарынан болған. Бірақ апат себебі әлі анықталып жатыр.

Шахан – Қазақстанның орталық бөлігіндегі Қарағанды облысындағы, Қарағанды қаласынан 35 километр жердегі қала типтес кент. Шахан кентінде 8 мыңға жуық халық тұрады. 1989 жылғы санақ бойынша кентте 30 мыңға жуық адам болған, ал 1990 жылдары халық саны күрт азайған. Ертеректе кентті жылумен орталық қазандықтан қамтамасыз еткен, бірақ тоқырау жылдары қазандықты жауып тастаған. Жұрт үйлерін шамасына қарай біреулері жертөледе қазандық орнатып, енді біреулері «буржуйка» аталатын пештерді пайдаланып жылытып амалдап келген.

– Шахан кентіндегі кей үйлер автономды жылу жүйесімен жылынады. Әлгі қазандық тұрғындар мен үй комитеті балансында болған, тиісті мамандар тексеріп, қарап жүрген. Бірақ неге бұлай болғанын анықтаймыз, – дейді Қарағанды облысы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Құлаған үй. Шахан, 2 қаңтар 2017 жыл.
Құлаған үй. Шахан, 2 қаңтар 2017 жыл.

Шахан кентіндегі көп қабатты үйдің подъезді құлаған кезде мерт болғандардың арасында 24 жастағы анасымен бірге қаза тапқан бір жарым жасар бала да бар. Олар бесінші қабатта тұрған. Отағасы іссапарға кеткен, оған әлі хабарласа алмай жатыр.

– Маған бейтаныс нөмірден біреулер хабарласып, «подъездерің құлап қалды» деді. Мен мұнда бауырымның отбасымен бірге тұратынмын, – дейді қаза тапқандардың туысы Алексей Алексеенко.

Алексеенко отбасының туысы болып келетін тағы бір әйел аман қалғанын айтады. Ол пәтерден енді шыққан сәтте әлдебір тарсыл-гүрсілді естігенін, сосын подъезд опырыла бастағанын айтады.

– Содан кейін төртінші подъездің оң қанаты бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін тұтас опырылып түсті. 10 адам эвакуацияланды. Алты адам құтқарылды, оның екеуі – бала, – дейді Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Вадия Магамадов.

Ал зардап шеккен екі адам – бір бала мен бір жас жігіт Қарағанды қаласындағы Мақажанов атындағы клиникада жатыр.

Ресми тұлғалардың айтуынша, Шахандағы үйдің ауласын полицейлер қоршап тұр, үйіндіні аршуға 200-ден аса адам жұмылдырылған. Арнайы техникасы бар жеке кәсіпкерлер де үйіндіні аршуға келген.

Құлаған үй маңындағы құтқарушылар. Шахан, 2 қаңтар 2017 жыл.
Құлаған үй маңындағы құтқарушылар. Шахан, 2 қаңтар 2017 жыл.

Билік эвакуацияланған тұрғындарға балабақша ғимараты мен жергілікті мешітке орналастыруды ұсынған. Бірақ тұрғындардың бәрі дерлік туыстарының үйінде уақытша тұруды ұйғарған.

Билік зардап шеккендердің отбасыларына материалдық көмек көрсетіп, қаза тапқандарды жерлеуге көмектесуге уәде етті. Шахан кенті территориясы қарайтын Шахтинск қаласы әкімдігі үй құлаған кезде зардап шеккен адамдарға арналған есеп-шот ашумен айналысып жатыр.

Апат орнында азаматтар мен жеке құрамды жылумен қамтамасыз ететін жылжымалы пункттер ұйымдастырылған. Шахан кенті әкімдігі жанынан 8 (72156) 3-24-17 телефоны бойынша шұғыл желі ашылды. Зардап шегушілерге психологиялық көмек ұсынылды.

XS
SM
MD
LG