Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнесттің сөзіне қарағанда, АҚШ президенті Барак Обама қызметінен кеткенге дейін Гуантанамодағы әскери базадан тағы бірнеше тұтқын босатылмақ. Эрнест бұл туралы жаңадан сайланған президент Дональд Трамп Twitter-де тұтқындарды босатуды тоқтатуды талап еткен соң мәлімдеп отыр. Трамп Twitter-де "Біз Гуантанамодан тұтқындарды енді босатпауымыз керек. Олар - өте қауіпті адамдар және олардың қайтадан соғысқа қатысуына жол бермеуіміз керек" деп жазды.
Өткен айда жергілікті ақпарат құралы сенімді дереккөзіне сілтеме жасап, Обаманың Гуантанамода қалған тұтқындардың үштен біріне жуығы - 18 тұтқынды басқа елге жөнелтуді жоспарлап отырғанын хабарлаған. АҚШ Куба территориясындағы бұл түрмеде 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі терактілерден соң терроризмге күдіктілерді қамауда ұстап келген. Обама 2009 жылы алғашқы президенттік өкілеті басталғанға дейін түрмені жабуға уәде берген еді. Бірақ конгресс Обаманың бұл жоспарына қатты қарсылық танытқан.