Бүгін Ирак астанасының шығыс бөлігінде көлікте болған жарылыстан кемінде 12 адам мерт болып, ондаған адам жараланған. Бұл туралы батыс ақпарат агенттіктері хабарлады.
Жарылыс Бағдаттың шииттер тұратын ауданындағы базар аумағында болған.
Бұған дейін қаңтардың 2-і күні Бағдатта осыған ұқсас террорлық шабуыл салдарынан 35 адам қаза тапқан. Желтоқсанның 31-і күні Бағдатта екі жарылыстан 28 адам мерт болып, 50-ден аса адам жараланған еді. Ол шабуылдарға жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы өзіне алған.
Сарапшылар бұл шабуылдар Ирак армиясы былтыр күзде Мосул қаласын жихадшылардан азат ету операциясын бастағаннан кейін жиілеп кеткенін айтады.