Accessibility links

Шымкентте апатты жағдайдағы көпқабатты 25 үй бар


Жарылыстан қираған үй. Шымкент, 9 қаңтар 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Жарылыстан қираған үй. Шымкент, 9 қаңтар 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

"Шымкентте апатты деп танылған көпқабатты 25 тұрғын үй бар" деп хабарлады қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов.

Оның айтуынша, қалада 2042 көпқабатты тұрғын үй, 217 мың 908 жеке тұрғын үй бар.

"2042 көпқабатты тұрғын үйдің 25-і 1919-1940 жылдары салынған. Бұл үйлер апатты деп табылған. Бұдан бөлек қалада сейсмоқауіпті деп танылған жүзден аса көпқабатты тұрғын үй бар. Бұл үйлерде арнайы комиссия зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр" деді Бейсенбек Жанбосынов.

Бейсенбек Жанбосыновтың сөзінше, қаладағы тұрғын үйлердің техникалық қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында автономды жылу жүйесін орнатқан пәтерлер де тексеріліп жатыр.

"Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердегі 18 мыңнан аса пәтер иесі автономды жылу жүйесіне көшкен. Техникалық қауіпсіздік шараларын тексеру кезінде ажиотаж жасап отырған - осы тұрғындар. Егер автономды жылу жүйесінде қауіп болса, онда бұл үйдегі жылу жүйесін қиямыз" деді ол.

Қаңтардың 8-і күні Шымкент қаласы 18-шағын аудандағы 47-үйде жарылыс болған. Жарылыстан бір тұрғын қаза тауып, төрт адам ауруханаға түскен.

Ал 1 қаңтар күні түнде Қарағанды облысы Шахан кентінде дербес жылу жүйесі қазандығының жарылуынан көп қабатты үйдің бір подъезі қирап, тоғыз адам қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG