Accessibility links

"Қазинвестбанктің" акционерлер құрамы өзгерді


"Қазинвестбанктің" Алматыдағы кеңсесі. 10 қаңтар 2017 жыл.
"Қазинвестбанктің" Алматыдағы кеңсесі. 10 қаңтар 2017 жыл.

Ұлттық банк банктік операциялар жасау лицензиясынан айырған "Қазинвестбанк" Қазақстан қор биржасын ірі акционерлері құрамының өзгергенінен хабардар етті. Биржаның сайтында бүгін жарияланған ақпаратта бұрынғы қоршаған орта және су ресурстары министрі, "Қазатомөндіріс" компаниясының бұрынғы басшысы Нұрлан Қаппаровтың жесірі Гауһар Қаппарова 1 қаңтардан бастап "Қазинвестбанктің" акционері емес екені айтылған. Қаппарова акционерлер құрамынан шықпай тұрып банк акциясының 10 пайыздан астамына ие болған.

Қазақстан Ұлттық банкі 27 желтоқсанда "Қазинвестбанкті" банктік және құнды қағаздар нарығында басқа да операциялар жасау лицензиясынан айырғанын хабарлаған. Ұлттық банк ақпаратына қарағанда, лицензиядан айыруға банктің төлем мен ақша аударымдарына қатысты міндеттемелерін ұдайы бұзуы себеп болған. "Қазинвестбанкке" уақытша басшылық тағайындалып, банкті басқарудың барлық органдары уақытша соның құзырына берілген.

"Қазинвестбанктің" уақытша басшылығының жетекшісі Джемма Зинуллинаның 10 қаңтарда қолы қойылған хабарламасында ірі акционерлер құрамының өзгеруі нәтижесінде 1 қаңтардағы жағдай бойынша банктің 13,5 пайыз акциясы Нұржан Жаңабековке тиесілі екендігі, ал Гауһар Қаппарованың акционер емес екені айтылады.

Жаңабеков бұған дейін "Қазинвестбанктің" директорлар кеңесінің төрағасы болған. 2016 жылы 28 қазанда Ұлттық банк Жаңабековке "Қазинвестбанктің" ірі қатысушысы деген мәртебе алуына келісім берген.

Бұған дейін "Қазинвестбанктің" акционерлері құрамына ірі шенеуніктер кірген еді. Шенеунік акционерлер арасында Қаппаровтан өзге бұрынғы ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев та болған. Досаев қазір "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингін басқарады.

XS
SM
MD
LG