Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан сотының Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын (ҚТКК) жою туралы шешімін азаматтардың бірігу құқығын "өрескел түрде бұзу" деп айыптады. HRW Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық сотының кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан ҚТКК-ны жабу туралы шешімі жойылуы тиіс дейді.
HRW-тың Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон 10 қаңтарда таратқан мәлімдемесінде Қазақстан билігі кәсіподақ ұйымын жабумен "артқа қарай қауіпті қадам жасады" дейді. Уильямсон соттың бұл шешімі Қазақстан билігінің азаматтардың бірігу еркіндігін қолдайтыны туралы міндеттемелерімен және мәлімдемесімен қайшы келеді деп санайды.
Оңтүстік Қазақстан облыстық экономикалық соты 4 қаңтарда әділет министрлігінің ҚТКК-ның үстінен берген шағымы бойынша тыңдау өткізген. HRW сот кәсіподақ ұйымына өз ұстанымын қорғауға мүмкіндік бермей, сол күні шешім шығарды дейді. Әділет министрлігі сотқа ҚТКК 2014 жылы қабылданған "Кәсіподақтар туралы" заңының талаптарын орындамады деп шағымданған. Ол заң бойынша ҚТКК-ның барлық облыстық филиалдары алты ай ішінде тіркелуі тиіс болған. Сот министрліктің талабын қанағаттандырып, ҚТТК-ны жою туралы шешім шығарған.
HRW-ге берген сұхбатында ҚТКК басшысы Лариса Харькова "сот жүйесі істің мән-жайына қанығуға мүдделі болмағанын, конфедерацияның әдейі жабылғанын және ол туралы сотқа тапсырма берілгенін" айтқан.
ҚТКК-ны жабуға маңғыстаулық жұмысшылар қарсылық танытып жатыр. Ақтаудағы Oil Construction Company кәсіпорнының жұмысшылары ҚТКК-ны қайта тіркеуді талап етіп аштық жариялап жатқанына жетінші күн болды.