Accessibility links

Әкімдік: Астанаға көлікпен кіру ақылы болады


Астана көшесіндегі көліктер (Көрнекі сурет).
Астана көшесіндегі көліктер (Көрнекі сурет).

Астанада жол қарбаласы кезінде қалаға көлікпен кіру ақылы болады. Ақы төлеп қалаға кіруде көліктердің тіркеу орны есепке алынбайды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгін Астана әкімдігі ғимаратында қаланың көлік құрылымын жетілдіру тақырыбында өткен қоғамдық тыңдауда жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов көшедегі көлік кептелісін азайту және тұрғындардың қоғамдық көлікпен жүруіне жағдай жасау үшін қалаға кіру ақылы болатынын айтқан.

- Ақы төлеуде туындауы мүмкін алауыздықты болдырмас үшін көлік кептелісі кезінде (час пик) қалаға кіретін барлық көліктерден ақы алынады. Көліктердің тіркеу орны назарға алынбайды. Жеңілдіктер заңда белгіленген тұлғаларға ғана көрсетіледі,­ - деді Бекмырза Игенбердинов. Оның айтуынша, таңғы көлік қарбаласы кезінде қалаға 13 мыңнан астам көлік кіріп жүр. Бұл - бір тәулік ішінде қалаға кіретін көліктің 30 пайызы.

Қала әкімдігіне қарасты "Астана LRT" компаниясының көлік қатынасы бойынша директоры Рустам Халилевтің тілшілерге берген түсініктемесі бойынша, қалаға кіретін көліктерден ақы алу мамыр айынан басталады.

- Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Қосшы мен Қорғалжын бағыттарында таңғы сағат 7:00 мен 10:00-дің аралығында қалаға жеке көлікпен кіру ақылы болады. Ақы төлегісі келмей, қала шетінде көліктерін қалдырып, қоғамдық көлікке ауысқысы келетіндер үшін автотұрақтар ашылады, - деді Рустам Халилев. Оның айтуынша, көлік қарбаласы кезінде қалаға кіру құны қанша болары әлі есептеліп, анықталмаған.

Астана қаласы әкімі Әсет Исекешовтің сөзінше, Астана қаласында шамамен 500 мың көлік бар.

XS
SM
MD
LG